Аударма өндірісінде әрбір аудармашының алдынан шығып, ерекше жауапкершілік талап етіп тұратын жұмыстың бөлігі – терминдерді игеру мәселесі. ЖОО-нда терминология Аударма ісі саласының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылып, (мысалы, ағылшын тілінде білім алатын) студенттерге Handling terminology, terminology management, consistency, localization, CAT, MAT, terminology database, translation memory, ISO Terminology Standards деген сияқты т.б. маңызды тақырыптардан құралған дәрістер оқылады (басқаша айтқанда, аталған тақырыптар назардан тыс қалмауы тиіс). Осы (қысқа мазмұнды) мақаланың мақсаты – аударма үдерісі барысында терминологияны игеруге қажетті негізгі жұмыстың бағыт-бағдарын бағамдау.
Әлемде көп тілдердің «алпауыт» тілдердің ықпалынан шыға алмай, уақыт өткен сайын олардың ығына жығылып бара жатқан ахуалы баршаға белгілі. Дегенмен де, сол жетекші тілдердің озық тәжірибесін ұтымды пайдалану арқылы да динамикаға басқаша көрініс беру мүмкіндігі де бар екені мәлім.
Аударма барысында салалық терминдермен бетпе-бет кезіккен сәтте қандай қадамдар жасалу керек екендігі жөнінде әрбір компанияның өзінің стратегиялық нұсқаулығы болады. Нұсқаулықтың да толыққанды өз қызметін атқара алуы үшін міндетті түрде әр компанияның терминдер ресурсы болуы тиіс. Бұл жөнінде халықаралық стандарттардың талаптарында көрсетіледі. Терминологияны игеру механизмі ең бір жетілдірілген және ұдайы жетілдірілу үстінде болатын процесс. Оның мысалын ИСО (немесе қазақша ХСҰ) стандарттарының төменде берілген тізімінен үзіндіден көруге болады:
Терминология ISO стандарттары ISO / TC 37 – техникалық комитеті: тіл және терминология [1]:
ISO 704: 2009 – терминологиялық жұмыс принциптері мен әдістері
ISO 860: 2007 – терминологиялық жұмыс: тұжырымдамалар мен терминдерді сәйкестендіру
ISO 1087-1: 2000-сөздік – 1 бөлім: Теория және қолдану
ISO / DIS 1087 (әзірлену сатысында) – терминологиялық жұмыс: сөздік
ISO 29383: 2010 және ISO / NP 29383 (әзірлену сатысында) – терминологиялық саясат: әзірлеу және енгізу
ISO 12615: 2004-библиографиялық сілтемелер және терминологиялық жұмыс үшін дереккөздердің идентификаторлары
ISO 12616: 2002-аудармаға бағытталған терминография
ISO/AWI 12616-1 (әзірлену сатысында) көптілді коммуникацияны қолдаудағы терминологиялық жұмыс – 1 бөлім: аудармаға бағытталған терминология негіздері
ISO 15188: 2001 – терминологияны стандарттау бойынша жобаларды басқару бойынша нұсқаулық
ISO 22128: 2008 – терминологиялық өнімдер мен қызметтер – шолу және нұсқаулық
ISO 23185: 2009 – терминологиялық ресурстарды бағалау және салыстырмалы талдау: жалпы ұғымдар, қағидалар мен талаптар.
Тізім осылай жалғасып кете береді. Негізінен өнімдер сатылымда тұрады да, қай бөлімде нені тегін пайдалануға болатыны (мысалы, «Кіріспе және терминдер мен анықтамалар тегін қол жетімді» делініп) көрсетіліп отырады. Осындай ХСҰ стандарттарының негізінде ұлттық стандарттар жасалады.
Еуропада «Аударма сапасы стандарттары» жұмыс істейді: UNI 10547 (1996), DIN 2345 (1998), ÖNORM 1200 and 1201 (2000), EUATC Quality Standard for Translation Services, т.б. Бұлар аударма қызметтері, қызмет көрсетуге қойылатын талаптар, жұмыс үдерісі, келісім-шарттар және терминологиялық жұмыстар сапасын қамтиды [2].
Жоғарыда (Кіріспе бөлімінде) аталған терминологиялық жұмысты жүргізуге қатысты ағылшын тіліндегі сөздер мен терминдердің қазақ тіліндегі қысқаша түсіндірмесін төмендегіше беруге болады:
Handling terminology – термин атаулымен жұмысты қалай еңсеруге болады деген мағынаны беретін сөзқолданыс.
Terminology management – терминологияны басқару. Терминологиялық жұмысты басқару жұмысы терминдерді анықтау, яғни қандай да бір назарға алынған лексема термин бе, термин емес пе деген сұрақты анықтаудан басталады. Одан ары қарай оларды жинау, мағыналарын анықтау, аудару, дұрыс қолданылуын көрсету, басқаларға пайдалы бола алатындай етіп сақтау.
Terminology database – Терминологиялық база белгілі бір ғылым/өндіріс саласы бойынша CAT бағдарламалары арқылы қолжетімді, әдетте бірнеше тілде қатар Excel форматында жасалатын терминдер қоры, аудармашылардың сүйенетін басты құралдарының бірі (MAT арқылы қолжетімсіз). Терминологиялық базаны тіл мамандары мен сала мамандары бірлесе отырып жасайды. Біздің жағдайымызда терминологиялық базада ағылшын, француз, орыс т.б. тілдердегі бағаналармен қатар түркі тілдеріндегі бағаналардың да қамтылуы маңызды. Еуропа тілдеріндегі терминдердің едеуір бөлігі әу бастағы шығу тегін араб-парсы тілдерінен келетінін көрсетеді, сол себепті болашақта терминологиялық базада араб(-парсы) тілінің де орын алғаны жөн болады деп ойлаймыз. Себебі (аудару, балама қараудан бөлек) терминдерді түпнұсқасынан икемдеп алу кезінде «Еуропаны шарлатып» алып келуге тіпті де қажеттілік жоқ.
CAT (Сomputer-Assisted/Aided Translation) – ККА (Компьютер көмегімен жасалатын аударма) SDL Trados Studio, Lokalise, Locaize, Wordbee т.б. бағдарлама-құралдар [3]. Кәсіби аудармашылар әдетте өздері қызмет көрсететін аудармашылар агенттіктері мен компаниялары арқылы осындай арнайы бағдарламалармен қамтамасыз етіліп отырады. Бағдарламалар сатылып алынады. Аударма жұмысын жеңілдететін, бірізділікті қамтамасыз етуге септігі мол құрал. Оның көмегімен жұмысты аудармашы өзі жүргізеді, яғни әрбір жекелеген сөйлемге компьютердің (бағдарламаның) жадында (translation memory) сақталған сөйлем автоматты түрде шығып тұрады. Терминдердің, қалыпты тіркестердің (колокациялардың), т.б. лексикалық бірліктердің, тіпті сөйлемдердің бірізді шығуына көмектеседі. Ақпараттық (ғылыми, техникалық) мәтін аударуда аса маңызды рөл атқарады.
MAT (Machine-Assisted Translation) – Гуглдегі автоматты аударма қызметі, сол себепті машиналық аударма деп те, автоматты аударма деп те аталып жүр. Бұл да компьютердің көмегімен жасалса да, аудармашы гугл аудармаға араласа алмайды, алынған нәтижені ғана қажетінше өңдеп, пайдалана алады. Қазіргі кезде бұл аударма қызметінің де біршама сапасының артқаны байқалады. Дегенмен де, машиналық аударма адам миының қызметін алмастыра алмайды. Сол себепті денотат мағыналарды бере алса да, конатант мағыналарды жеткізе алмайды. «Осындай олқылықтарға қарның ашады», «Жиналған жұрт өмірден озғандарға тағзым етті» деген сөйлемдерді бір ғаламтор көзі "You are hungry for such gaps", "The gathered people paid their respects to the deceased". (https://www.google.com/search?q=translate&oq=&aqs=chrome.2.35i39i362l4j46i39i362j35i39i362l3) деп аударса, ендң бірі "You are hungry for such gaps", "The crowd paid their respects to the dead" деген аударма беріп тұр (https://translate.google.com/?hl=ru&sl=kk&tl=en&text=«Ос). Екі нұсқа да екінші сөйлемдегі «өмірден озу», «тағзым ету» деген тіркестерді дұрыс тауып беріп тұр. Дегенмен де, бірінші сөйлемдегі «қарның ашады» дегенді тура мағынасында “you are hungry” деп беріп тұр. Демек, «қарның ашады» дегенді қай уақытта “you are hungry” деп аудару керек, қай уақытта “We are not satisfied”, “We are unhappy about…” деп аудару керек екенін (әзірге) шеше алмайды.
Ал термин мәселесін машиналық аудармаға сеніп тапсыру әлі ертерек. Оның өзіндік себептері жоқ емес, ол үшін терминология саласының өзі белгілі бір қажетті деңгейге дейін дамып, жетілуі керек.
Consistency – бірізділік. Термин атаулыға қойылатын басты талаптардың бірі. Терминнің синонимдер қатары болмау керек, бірізді қалыптасуы тиіс. Алайда, ағылшын тілінің өзінде терминдердің бірізділік таба алмай тұрған жайы бар, бұл мәселе, әсіресе, тілдің стандарттарына байланысты орын алып отыр. Ағылшын тілінің америкалық және британдық нұсқаларындағы ерекшеліктің үлкен бөлігін лексикалық айырмашылық құрайды. Сол себепті бұл құбылыс терминдерден де көрініс табады. Мысалдарды көптеп келтіре беруге болады, төменде (1-кестеде) әртүрлі саладан алынған бірнеше мысалмен шектелеміз:
1-кесте. Терминдердің ағылшын тілі стандарттарында лексикалық тұрғыдан бірізді болмауының көрінісі.
Америкалық ағылшын (GA) |
Британ ағылшыны (RP)
|
acetaminophen |
paracetamol |
cell phone, cellphone, cell |
mobile phone |
drugstore |
chemist |
gasoline (gas, gasolene) |
petrol |
restroom |
toilet |
sidewalk |
pavement |
soccer |
football |
sophomore |
a second-year college or high school student |
Сол сияқты тілдің аталған екі стандартында орфографиялық нормалардың да айырмашылығына орай бірізділік бұзылады. Мсысалы, америкалық ағылшын тілінде жазу біршама жеңілдетілген, ‘ae’, ‘oe’ орнына ‘e’ қолданылады. Соның салдарынан медицина саласының терминдерінің өзі әркелкі тұрпат алып кетеді, 2-кестеге қараңыз:
2-кесте. Терминдердің ағылшын тілі стандарттарында орфографиялық ерекшеліктер тұрғысынан бірізді болмауының мысалы [4].
Америкалық ағылшын (GA) ‘e’ |
Британ ағылшыны (RP) ‘ae’, ‘oe’ |
etiology |
aetiology |
anemia |
anaemia |
anesthetic |
anaesthetic |
defecation |
defaecation |
dyslipidemia |
Dyslipidaemia |
diarrhea |
diarrhoea |
celiac |
coeliac |
dyspnea |
dyspnoea |
Localization – локализация – аударма жасау барысында қабылдаушы тілдің және тілді тұтынушы мәдениеттің жан-жақты ерекшеліктерінің есепке алынуы, ақпараттың жергілікті жерге бейімделуі. Бұл заңдылыққа терминдер де бағынады. Бейімделу линвистикалық және экстралингвистикалық тұрғыдан іске асырылады. Мысалы, Австралиядан шыққан дәрі-дәрмек АҚШ-қа немесе Ұлыбританияға бару үшін өнімді тұтыну нұсқаулығында әр елдің (жоғарыда 1, 2-кестелерде көрсетілгендей) өз тілдік ерекшеліктері сақталып жазылуы керек болады. Ал терминдердің экстралингвистикалық тұрғыдан бейімделуіне Американың жыл аяғында болатын жеңілдіктерге Black Friday деген сауда-саттық саласында қолданытан терминінің Қазақстанда «қара жұма» деген калька аудармасының қолданысқа түсіп кете алмай, қазір жәй ғана «Каспи жұма» болып қолданылып жүргенін мысалға айтуға болады.
Аударманы кім жасайды? Аударманы тілге қабілетті сала мамандары немесе арнайы өндіріс/ғылым саласына маманданған аудармашы жасау керек. Олай болмаған жағдайда аудармашының тілді қаншалықты деңгейде білгеніне қарамастан, өмірлік тәжірибеде өнімдер талапқа сай шықпай жатады. Мұндай жағдаяттың бірін төменде берілген 3-кестеден көруге болады. Кестеде АҚШ-та қазақ тілінен ағылшын тіліне аударылған, бүгінгі күнгі «талаптармен» есептегенде, ең жоғарғы ғылыми деңгейдегі жарияланым болып саналатын Скопус журналдарының біріне әзірленген мақаладан мысалдар алдық.
3-кесте. Сала мамандары аудармаған жағдайда терминдердің жоғалуынан көрініс [4]:
|
Берілгені |
Қолданылуы тиісті термин |
1 |
The authors identified 3819 exonymisms, 35 semantic types, thematic backgrounds... |
The authors identified 3819 exonyms, 35 semantic types, thematic backgrounds... |
2 |
Many country names have exonymisms that have been transformed by the full name as well as abbreviations... |
Many country names have exonyms that have been transformed by the full name as well as abbreviations... |
3 |
... geographical names enter the Kazakh language through the Russian language, the connecting language in the middle. |
... geographical names enter the Kazakh language through Russian, the mediator language
|
4 |
… we adapt exonyms such as Washington, Holliwood, Zurich to the phonetic features of the donor language – Kazakh... |
… we adapt exonyms such as Washington, Holliwood, Zurich to the phonetic features of the receptor language – Kazakh... |
5 |
... to write a foreign geographical name in the original language but to adapt it to the norms of our language. |
...to write a foreign geographical name in the original language but to adapt it to the norms of the language-receptor.
|
6 |
...on the database "National Corps of the Kazakh language."
|
...on the database "National Corpus of the Kazakh language." (US Peace Corps, European Solidarity Corps терминдерімен жаңылыстырылған). |
7 |
the Kazakh script in Latin |
latin-script Kazakh |
8 |
the word does not begin with the letter ‘ң’, and in both languages, the sound [ң]–[ŋ] does not occur in the same position. |
the word does not begin with the letter ‘ң’, and in both languages, the sound [ң]–[ŋ] does not occur in the anlaut position. |
*Ескету (1): аударма мәтінінен тек қана терминдердің аудармасына қатысты мысалдар қысқартылып алынды.
*Ескету (2): сөйлемдерде терминдердің берілу тұрпатын майлы боюмен ерекшелеген автор – Н.Р.
*Ескету (3): мақаланың өзге детальдарын беруді жөн санамадық.
*Ескету (4): ескертпелер өнімді шығарушылар тарапынан қабылданып, түзетілген.
«Аударманы кім жасайды?» деген сұраққа жауапты тек ғана ақпараттық мәтін тұрғысынан қарастырдық. Көркем шығарма аудармасының мәселесі, әрине, өз алдына бір бөлек.
Қорыта айтқанда, терминологиялық жұмысты тиімді ұйымдастыру жүйе жасаудан басталады. ТБЖ – терминологияны басқару жүйесін орнықтыру терминологиялық базаны қалыптастырумен келеді. CAT бағдарламалары арқылы қолжетімді болатын Терминологиялық базаны белгілі бір ғылым/өндіріс саласы бойынша бірнеше тілде Excel форматында жасайды. Оны тіл мамандары мен сала мамандары бірлесе отырып қалыптастырады. Қазақ тілінің терминологиялық базасында ағылшын, француз, орыс т.б. тілдердегі бағаналармен қатар түркі тілдеріндегі бағаналардың да қамтылуы маңызды. Еуропа тілдеріне терминдердің едеуір бөлігі араб-парсы тілдерінен келгендіктен, терминологиялық базадан терминнің араб(-парсы) тіліндегі нұсқасының да орын алғаны жөн. Себебі (аудару, балама беруден бөлек) терминдерді түпнұсқасынан икемдеп алу кезінде көз алдымызда олардың шынайы «төркіні» көрініп тұратын болады. Ақпараттық аударманы тілге қабілетті сала мамандары немесе арнайы өндіріс/ғылым саласына маманданған аудармашылар ғана жасау керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: