Арнаулы терминологиялар қалыптастырудағы терминологиялық аталымның кезеңдік сипаты

Арнаулы терминологиялар қалыптастырудағы терминологиялық аталымның кезеңдік сипаты

Қазіргі таңда терминдік бірлік ретінде аталып жүрген сөздер мен сөз тіркестері қоғам дамуының заңдылықтарына сәйкес туындаған лексика болып табылады. Тілдің терминдік лексика қабатының дамуында өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл сөздік құрамға жататын терминдік бірліктердің бәрі саналы әрекет нәтижесі деп айтуға болады.

Орыс ғалымы М.Н.Володина жалпы арнаулы терминологияның қалыптасуы процесін әдетте екі кезеңге – стихиялық және ұйымдық-мақсатты деп бөліп қарастырылатынын айта келе былай дейді: «… арнаулы терминология қалыптасуының бірінші кезеңі белгілі бір кәсіби-ғылыми саланың құрылуымен байланысты болса, ал екіншісі оның жоғары деңгейдегі дамуымен байланысты болып келеді. Бірақ, терминологиялық аталымның осы екі кезең актілерінде де адамның қызметі бағытталған нысандарға ғана атау беріледі» [1, 81 б.].

Терминологиялық аталым процесінің екінші ұйымдық-мақсатты кезеңінде жасалған терминдік бірліктер екінші аталым нәтижесі болып табылады. Бұл мәселемен түбегейлі түрде айналысып жүрген лингвист ғалымдар екінші аталымның гносеологиялық нәтижесін ұғымдардың бір-біріне ауысу қасиеті арқылы бұрын танылған ұғым негізінде қалыптасып, адамның ақиқат болмысты тану барысында атау берілуші заттың жаңа белгілерін көрсетеді деп түсіндіреді [2, 168 б.]. П.А.Флоренский осы пікірді қолдап, терминологиялық аталымның бірінші кезеңінде техникалық атаулар кездейсоқ белгіленуіне байланысты байқаусыз жасалса, ал екінші кезеңде керісінше техникалық тіл саналы түрде, белгілі бір мақсатпен, жүйелілік ерекшеліктер ескеріле отырып қалыптасатынын атап көрсетеді [3, 376 б.].

Нақты терминологиялар қалыптасуының алғашқы кезеңінде терминнің «ішкі формасын» айқындайтын терминологиялық аталым белгісінің таңдалуында негізгі рөлді субъективтік-ұлттық фактор атқарады. Терминдер қалаптасуының бұл кезеңі түрлі әдебиеттерде стихиялық, табиғи, ғылыми терминологияға дейінгі деп аталып, аранулы лексика пайда болуы мен дамуын талдаудың генетикалық аспектісімен тығыз байланысты.

Тілдік таңбаның семантикасы мәселесін жан-жақты зерттеген  ғалым Ю.Д.Апресян: «Тілдік таңбаның семантикасы зат, қасиет, іс-әрекет, процес т.б. туралы қарапайым ұғымды (наивное понятие) айқындайды. Нәтижесінде ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ғаламның қарапайым бейнесі (наивная картина мира) қарапайым геометрия, қарапайым физика, қарапайым психология т.с.с құрылып, халықтың материалдық және рухани тәжірибесін көрсетеді», - деп тұжырымдайды [4, 56-57 бб.].

Ғылым мен техника қалыптасуының алғащқы кезеңінде ғылыми танымның жалпы жағдайын, терминшығармашылығын айқындайтын басты факторды ұғым мен сөздің сәйкестігі емес, олардың кейбір ұқсастықтары ғана белгілейді. Әдетте, жаңа құбылыс пайда болғанда, ол бұрынғы тәжірибеде бар дүниемен салыстырылып, тіл арқылы оның ұқсас жақтары белгіленіп, жаңа ұғым тілде бар сөздер негізінде қалыптастырылады. Өйткені, ақиқат болмыс туралы білімді жетілдірудің оңай бір жолы тілдегі бар сөздердің лексикалық мағыналарында белгіленген бейнелер негізінде бекіту болып табылады.

Сондықтан да, алғашқыда термин ретінде ассоциативтік қайта ойлауға бейім келетін жалпы қолданыстағы сөздер қабылданған. Ассоциативтік байланыстардың түрлі сипатына қатысты терминологиялық қайта ойлаудың бірнеше принциптері бар. Мұндай терминжасамның ең өнімді тәсілдерінің бірі жалпы қолданыстағы сөздің атқаратын , орындайтын қызмет ұқсастығы ассоциациялары нәтижесінде терминденуі болып табылады. Мысалы: тегістеу®тегістеу+ші®тегістеуші шлифовщик);шеку®шеку+ші®шекуші(чеканщик); оймыштау®оймыштау+шы®оймыштаушы (резчик) және т.б.

Жалпы қолданыстағы сөз мағынасының арнаулы қолданысқа енуінің тағы бір өнімді тәсілі пішін ұқсастығына байланысты ассоциация болып табылады. Әсіресе бұл тәсіл арқылы техникалық терминдер кеңінен жасалады. Мәселен, шаппа саусағы, елек, артқы белдік, жынжыр табан және т.б.

Әрбір ұлт тілінің негізгі сөздік қорын құраушы тілдік бірліктер адамға қажетті ең маңызды ұғымдарды белгілеп, әр түрлі терминологиялық жүйелердің ажыратылмас бөлігін танытады. Бұл ретте терминдену барысында семантикалық қайта мән алған сөздер мен арнаулы терминологияға өзінің негізгі мағынасымен енген сөздерді бөліп көрсету қажет. Мысалы, зергер, шебер, нақыштаушы, пішуші, бояушы, көзеші, қышшы, бедерші, безеуші т.б. атаулар жалпы қолданыстағы сөздерден аранаулы ұғымның маңызды белгілерін айқындайтын дефинициясының болуымен ғана ажыратылады.

Терминологиялық аталымның стихиялық кезеңіндегі әр түрлі тілдердегі терминдендірілуші асссоциациялардың ұқсастығы семантикалық ауысу құбылысының тілдік универсалдылығымен анықталып, ойлаудың жалпы адамдарға ортақ сипатымен айқындалады. Дегенмен, терминдер белгіленуші зат немесе ақиқат болмыс құбылысына деген нақты бір тілге тән субъективтік-ұлттық таным ерекшелігін көрсетеді. Осымен байланысты, тепе-тең ұғымдарды білдіруші сөздердің «ішкі формасы» түрлі тілдерде аталушы нысанның әр түрлі қырларынан көрсетеді.

Сонымен, терминологиялық аталымның стихиялық кезеңінде қалыптасқан терминдер әрбір терминологиялық жүйеге қажетті тектік-түрлік жіктемелік принципке барлық жағдайда бағына бермейтіндігін атап өткен жөн.

Лейбниц өзінің «символдық тіл» құбылысы жайлы айтқан тұжырымында былай дейді: «Атаулану процесінде белгілердің ыңғайлығы ескерілуі тиіс. Бұл атаудың қысқалығында емес, атау берілуші заттың мазмұнды негізінің дәл берілуінде жүзеге асады. Осы ретте ойлау жұмысы жеңілденіп, оны көз алдына келтіру, елестету қызметі оңай әрі тез орындалады» [5, 155-156 бб.]. Бірақ, мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін терминнің ақпараттық мазмұны оның құрылымдық-комминикативтік тұлғасына толық сәйкес келуі қажет.

Ғалым П.А.Флоренскийдің пікірінше: «…сәтті жасалған атау (термин) бұл көп жылғы талдау, тұрақты және тығыз байланысты көптеген белгілердің сәйкестігін, қатынасын анықтау нәтижесі болып табылады» [Сонда, 369-371 бб.].

Терминологиялық аталымның «ұйымдық-мақсатты» екінші кезеңінде термин-сөздердің ішкі формасы ақпараттық сипатты айқын білдіретін арнаулы ұлттық және интернационалдық тілдік тәсілдер арқылы жасалады. Бұл ретте терминдер «жасанды реттеу нысандары» болып табылады. Терминологиялық аталымның белгілі бір мақсатты бағыты, нақты ономасиологиялық тапсырма арнаулы ақпараттық ұғымның тілдік белгіленуіне қолайлы амал-тәсілдер қолданылуын қамтамасыз етеді.

Түрлі терминологияларда жүйелілікті орнықтыру мәселесі, ең алдымен, нақты бір ғылыми-техникалық білім саласына жататын ұғымдардың иерархиялық тектік-түрлік жіетемесіне байланысты. Тілімізде бар байырғы лексика негізінде терминологиялық қорымызды толықтыру кезінде немесе кез келген арнаулы саланың жаңа терминдерін жасау барысында белгілі бір үлгіні сақтаудың терминология үшін маңызы зор. Бұл негізінен терминологиядағы жүйелілікті сақтау үшін қажет. Осыған байланысты терминологиядағы жүйелілікті кейбір терминолог-ғалымдар терминжасамның басты принципі деп санайды [6, 213 б.].

Шынында да, қазіргі таңда көптеген ғалымдардың пікірі бойынша жалпы қолданыстық лексика мен терминдік лексиканың басты айырмашылығы кейінгісінің жүйелілік тұрғыдан ұйымдастырылуында. Арнаулы ұғымды білдіретін термин белгілі бір терминологиялық жүйеде нақты орны бар, сол жүйенің мүшесі болғандықтан ғана, сол жүйеге сәйкес мағынаға ие бола алады. Терминнің ақпараттылық қасиеті де осыдан туындайды. Бұл жөнінде қазақ терминологиясының жүйелілік мәселесін арнайы сөз еткен ғалым Ш.Құрманбайұлының пікірі назар аударарлық. Ол: «Жүйелеген салалық терминологияны қалыптастыруда сол саланың терминдерін белгілі бір сөз тудырушы морфемаларды немесе терминдік элементтерді пайдалана отырып жасау тәжірибесі бар. Бізде де кейбір арнаулы сала терминдерін жасауда соңғы жылдары біршама өнімді жұмсалып жүрген жұрнақтардың бар екенін аңғаруға болады. Мәселен, іс жүргізу саласында –ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пеанықтама, хаттама, баяндама, мінездеме, мәлімдеме, көшірме, баянжазба т.б. Тіл білімінің фонетика саласында –м, -ым/-ім айтылым, алмасым, естілім, жасалым, екшелім, жалғаным, қатынасым т.б. Синтаксис саласында кезінде А.Байтұрсынұлы жасап тілімізге енгізіп кеткен бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш терминдерін туғызған –уыш, -уіш (-ыш/-іш) жұрнағы бар екені белгілі. Әскери іс саласында –уыл/-уіл, ауыл/-еуіл үлгісімен жасалған шабуыл, айдауыл, ереуіл, жасауыл сияқты көне атаулар қолданысқа ене бастады. Мұндағы бір айта кететін жайт соңғы үлгімен жасалған атаулар кейде дайын қалпында қолданысқа ене бастағанымен, терминжасамда бұл үлгі алдыңғы жұрнақтар сияқты жаңа терминдер тудыруда пайдаланылмай келеді» [7, 127-128 бб.].

Ғалымның жоғарыда келтірілген пікірін қолдай отырып, сала терминдерінің белгілі бір қалыптасқан сөзжасамдық үлгі бойынша біртектес жасалуының синтагмалық жүйелілігін, сонымен қатар терминжасам барысында парадигмалық ерекшеліктерді де ескерген дұрыс болар деп санаймыз.

Неміс ғалымы Л.Хофман термин мағынасы негізгі екі компоненттен құралады дейді. Біріншісі арнаулы ұғымның маңызды белгісінің айқындалуына байланысты болса, ал екіншісі кәсіби-ғылыми саланың ұғымдық жүйесіне сәйкес терминнің алатын орнының анықталуы [8, 103 б.].

Шын мәнісінде, термин белгілі бір ұғымдық-терминологиялық жүйеде дұрыс орныққан жағдайда, ол келешекте таным құралына айналып, сол жүйенің әрі қарай дамуына септігін тигізеді. Терминологияны стандарттау – адамның терминшығармашылық қызметін оңтайландыруға, адамның терминжасам процесі барысында әлеуеттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға негіз болатын терминологиялық жұмыстардың бірі. Орыс терминологиясын зерттеген терминолог ғалым Р.Г.Котов стандарттауға қатысты төмендегідей пікір айтады: «Терминологияны біріздендіру мен стандарттау туралы айта отырып, дәлме-дәл мағынасында стандарттауға қол жеткізу қиын мақсат екенін, оның өзінше бір идеалды құбылыс екендігін атап көрсеткен жөн» [9, 45 б.].

Сонымен, терминологияны стандарттаудың маңыздылығы, әсіресе, кәсіби коммуникация процесінде айқын көрініс табады. Өйткені стандарттау нәтижесі әріптестердің өзара бір-бірімен толық түсінісуді қамтамасыз етеді. Сондықтан да айқын және жүйелі, ретті стандарттау негізінде құрылған нақты терминологиялар ерекше таңбалық амал-тәсілдер жүйесін құрап, арнаулы салада қолданылып, адамның шығармашылық қызметін бағыттап отырады.

Топшылай айтқанда, терминологиялық аталым – адамның қызметі мен түрлі білім салаларының арнаулы ұғымдарының ойлаумен тығыз байланысты атаулану процесі. Жалпы лексикалық аталыммен сабақтастықта жүзеге асатын терминологиялық аталым адамдардың танымдық қабілеттеріне тәуелді болып, тілдік ішкі және сыртқы фокторларының өзара әрекеттестігі мен таным нәтижелерінің тілдік белгіленуімен сипатталады. Әдетте, бұл шығармашылық процес екінші аталым негізінде орындалып, кәсіптік-ғылыми қызмет процесінде аса қажетті арнаулы үлгілеудің лексикалық бірліктер қатарына жататын ерекше атаулар-терминдердің жасалуына бағытталады.

Терминологиялық жұмыстар, әсересе, оның реттелуі норма және сөйлеу мәдениеті ұғымдарының қарастырылуын талап етеді. Себебі терминдерге ең басты қойылатын шарттардың бірі – олардың лингвистикалық тұрғыдан дұрыстығы. Сондықтан да терминологияны реттеуде алға нормативтік талаптар қойылады. Біздің ойымызша, терминдер мен терминологияларға қойылатын нормативтік шарттарды алты пунктке топтастыруға болады: 1) жүйелілік; 2) бірізділік; 3) термин мен ұғымның бірмағыналылық сәйкес келуі; 4) семантикалық дәлдік; 5) қысқалық; 6) терминдер жарыспалылығы мен варианттылығын айқындап, қажеттілерін енгізу.

Белгілі бір терминологиялық жүйеге енгізілетін жаңа терминологияны реттеу және біріздендіру жұмысының барысында нормативтік параметрлерге сай келетін терминдер іріктеліп, сарапқа алынады. Нормативтік параметрлердің негізгілерін мынадай белгілер құрайды: атаудың ұғым мазмұнына сай келуі, келмеуі; терминнің көпмағыналылығына мүмкіндігінше жол бермеу; термин-синонимдердің тек қажеттілерін қалдырып, синонимдер санын шектеу; терминнің тілдік белгіленуінің ұтымды формасын беру; терминнің қысқалық белгісін, жеңіл айтылуын қамтамасыз ету; жаңа терминдерді өздерінің терминологиялық өріс үлгілеріне сәйкес жасап енгізу. Түйіндей келгенде, мынадай қорытынды шығаруға болады: жаңадан жасалған арнаулы атаулардың ішінен қажетті, ұтымды терминдерді іріктеп алу; оларға дәл белгіленген анықтама беріп тіркеу; терминнің бірмағыналылық ерекшелігі ескеріліп, қажетсіз синонимдерден шектеу.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Володина М.Н. Теория терминологической номинации. М., 1997.
  2. Телия В.Н. Гносеологический и семиотический аспекты номинации // Языковая номинация (Общие вопросы). М.: Наука, 1977.
  3. Флоренский П.А. Термин//В.А.Татаринов. История отечественноготерминоведения. М., 1994. С.359-400.
  4. Апресян Ю.Д. Лексическая семантика //Ю.Д.Апресян. Избранные труды. Том I., М., 1995.
  5. Лейбниц. Успехи математических наук. 1948.
  6. Суперанская А.В., Подольская Н.В., Васильева Н.В. Общая терминология (вопросы теории). – М., 1989.
  7. Құрманбайұлы Ш. Терминқорқалыптастырукөздері мен терминжасамтәсілдері (Барлық сала мамандарынаарналғанәдістемелікқұрал). Алматы: «Сөздік - Словарь», 2005. – 240 б.
  8. Hoffmann L. VomFachwortzumfachtext. BeitrageAngewadtenLinguistik. Tubingen, 1992.
  9. Котов Р.Г. Развитие терминологии и информационные потребности современного общества//Проблемы разработки и упорядочения терминологии в академии наук союзных республик. А., 1983.